27-лекция

Тақырыбы: Географиялық алаң және онда жеке немесе топқа тапсырмалар

Мақсаты: Географиялық алаң құрылымы, ұйымдастырылуы және онда жеке немесе топқа тапсырмаларды беру әдістемесін меңгерту.

Жоспары:

1. Географиялық алаң құрылымы, ұйымдастырылу технологиясы

2. Географиялық алаңда жүргізілетін жеке немесе топқа арналған тапсырмалар

1. Географиялық алаң құрылымы, ұйымдастырылу технологиясы

Бастауыш класта дүниетану сабақтарын ұйымдастыру және өткізу үшін географиялық алаңның да өзіндік ролі жоғары. Географиялық алаңда географиялық ұғымдарды кеңейту, түрлі аспаптарда жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру мақсатында яғни практикалық сабақтар ұйымдастырылады.

Географиялық алаң шамамен 10х10 көлемді алатын алаң. Оны биіктігі 1 м-ге баратын қашамен қоршайды, қашаның бір бөлігін түрлі түске (мысалға, ақ пен қара) кезектестіріп бояйды да, өлшеуіш қаша ретінде пайдаланылады. Алаңға арналған орынды мүмкіндігінше ашықтау жерден таңдайды. Оның дәл ортасында тіктегіші бар, биіктігі 1 м вертикаль таяқ (гномон) орнатады. Оның көмегімен күннің түсу уақытын, көкжиек бағытын анықтайды. Талтүстегі сызықтың көрсетуін пайдалана отырып, алаңда көкжиектің негізгі және аралық тұстарын көрсететін жолдар төсеуге болады.

Ауа райын бақылау үшін метрологиялық дүңгіршек (будка) орнатып, оның ішіне термометр қояды.

Желдің бағытын анықтау үшін биіктігі 10 м бағанаға флюгер орнатады (алаң ашық жерде орналаспаса, флюгер мектеп шатырына бекітіледі).

Географиялық алаңда өлшем учаскесі бөлініп, онда деци- метрлерге бөлінген текше метр орнатылады. Қар жамылғысының қалыңдығын анықтау үшін ұзындығы 1,5-2 м, ені 8-10 см қар өлшейтін рейка қолданылады. Рейканың бет жағы ақ түске боялады да, 1 см сайын бөлінеді.

2. Географиялық алаңда жүргізілетін жеке немесе топқа арналған тапсырмалар

Оқушылар жылдың жылы мезгілінде географиялық алаңда құмнан рельеф формаларын мүсіндеу, жасанды көлшікте аралдар  мен түбектердің, өзеннің түйетайлы және жарқабақты жағалары- ның үлгілерін жасау, өзеннің жасанды схемасында бастауын, арнасын, сағасын және тарамдарын көрсету жөнінде әр түрлі тапсырмалар орындай алады.

Бастауыш класс оқушылары географиялық алаңда бақылау жүргізген кезде мұғалімнің басшылығымен қарапайым құрал- дармен (термометр, флюгермен) жұмыс істеу дағдысын қалып- тастырулары, күннің көкжиектен биіктігін анықтау үшін тал түсте сызықты өлшеуді үйренулері (гномонмен); табиғат құбылыстарын (бұлттылық, жаңбыр, қар, қырау, тұман т.б.) бақылауға және түсіндіруге үйренулері, бірнеше жылғы деректерді талдай білулері, өз жерлеріндегі ауа райының ерекшеліктерін қорытып және тани білулері; жақын маңдағы заттарға дейінгі қашықтықты көзбен өлшей алулары; көкжиектің негізгі және аралық тұстары бойынша еркін бағдарлай білу біліктігі қалыптасады. Жел бағытын, ауа температурасын, жауын-шашын көлемін анықтайтын құралдармен жұмыс жасай білуге  машықтанады.

Бұлардан басқа жайдақ және тік баурайлы, төбесі айқын көрінетін үйілген төбе моделін; басталатын жері, сағасы, салалары жақсы көрінетін жылғалары мен жасанды су қоймаларын жасауға орын бөліну керек.

Географиялық алаңда жұмыстың нәтижелі болуы мұғалім тарапынан тікелей қадағалауынан туындайды.

Географиялық алаңда жүргізілетін бақылаулардың негізгі мақсаты-оқушылар бастауыш класта зерттейтін табиғат құбылыс-тарының өзара байланыстары мен заңдылықтарын анықтау болып табылады. Сонымен бірге, географиялық аспаптар мен құралдарда жұмыс істей алу сауыттылығын қалыптастыру.

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:

1.Географиялық алаңды ұйымдастырудың маңызы неде?

2.Оның құрылымы қандай және қандай жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиіс?

3. Географиялық алаңда қандай жұмыс түрлері орындалады?

4. Арнайы тапсырмалар түрлерін ата?

5. Жас ерекшелігіне сәйкес жұмыс түрлері?

Қажетті әдебиеттер:

1. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.

2. Бинас А.В., Шам Р.Д. Биологический эксперимент в школе. -М.: Просвещение, 1999.-52с.

3. Аймағанбетова Қ., З.Ф.Олейник. Дүниетануға арналған үлестірмелі материалдар. –Алматы: Атамұра, 1999.-107б.

4. Минеева В.М. Внекласная работа по природоведению в начальных классах.-Минск: Нар.Асвета, 1980.-142с.

 

28-лекция

Тақырыбы: Тәжірибе алаңын ұйымдастыру технологиясы. Көрнекіліктерді кешенді түрде пайдалану мүмкіндіктері

Мақсаты: Тәжірибе алаңын ұйымдастыру технологиясын, көрнекіліктерді кешенді түрде пайдалану мүмкіндіктерін меңгерту

Жоспары

1.Тәжірибе алаңын ұйымдастыру технологиясы

2. Көрнекіліктерді кешенді түрде пайдалану мүмкіндіктері

1.      Тәжірибе алаңын ұйымдастыру технологиясы

Әрбір мектептің маңында арнайы жер бөлініп, онда оқу-тәжірибе үлескесі ұйымдастырылады. Онда бастауыш кластарға арналған мөлтектер бөлініп беріледі. Әрбір класс өз мөлтегінде жұмыс істейді.

Оқу-тәжірибе үлескесі алдын ала мынандай бөлімдерге бөлінеді: дала өсімдіктер бөлімі, көкеніс өсімдіктер бөлімі, жеміс-жидектер бөлімі, әсемдік өсімдіктер  бөлімі және жануарлар бөлімі.

Дала өсімдіктері бөлімінің өзі 2 бөлімге коллекциялық және тәжірибелік деп бөліну керек. Коллекциялық бөлікке белгілі ретпен мәдени өсімдіктердің түрлері егіледі. Айталық; 1-бөлікке астық тұқымдастары (арпа, сұлы, бидай, тары, жүгері, күріш), екінші бөлікке бұршақ тұқымдастары (ас бұршақ, үрме бұршақ, жасымық, соя, жоңышқа, беде), 3-бөлікке тоқыма өнеркәсібіне пайдаланатын өсімдіктері (кендір, кенеп, қалақай), 4-бөлікке майлы өсімдіктер (күнбағыс, жержаңғақ, мақсары), 5-бөлікке түйнекті өсімдіктер түрлері (картоп, шалқан, сәбіз, қызылша, орамжапырақ), 6-бөлікке дәрілік өсімдіктер (жалбыз, шайқурай, валериана, тмин) егіліп, өсіріледі.

Коллекция бөлімінің жалғасы тәжірибе бөлімен ұштасады. Мұнда жерсіндіру жұмыстары, вегетативті көбету тәсілдері және түрлі агротехникалық шаралар ұйымдастырылады.

Мектеп маңындағы оқу-тәжірибе үлескесі білім мен тәрбие беруде үлкен маңызға ие. Тәжірибе алаңындағы жұмыстар оқушылар бойында практикалық дағдылар мен машықтар қалып- тасуға, еңбекке баулуға үлкен септігін тигізеді. Тәжірибе алаңында күзгі және көктемгі топырақты өңдеу, арамшөптермен, зиянды бунақденелілермен күрес жолдарын, тұқымдарды себу тәсілдерін, өсімдіктерді көбету жолдарын, олардың өнуін, өсуін бақылау, күтіп баптау жолдарын үйренеді.

Оқу-тәжірибе үлескесінде жұмыс істеу үшін соған сәйкес құрал-жабдықтар болу керек: күрек 20 дана (жалпы ұзындығы сабымен есептегенде 85-95 см, сабының жуандығы - 3см, ) тісті темір тырма – 10 дана, тісті ағаш тырма  1-2  дана, шаршылы ұялап егуде және көшет отырғызуды белгілеуге арналған маркер қажет. Сондай-ақ, көшеттерді отырғызу үшін 5-6 дана қалақ, топырақтың қабатын қопсыту үшін кетпен, өсімдіктерді суғару үшін су құйғыштар керек. Сонымен бірге жоспарлау жұмысы кезінде үлескенің эстетикалық, көркемдік жағына аса көңіл бөліну керек.

Бұл үлескеде ағаштар егу, санитарлық жұмыстар, ағаштарда құстарға арнап ұя, тамақтандыру торын орнату жұмыстарын ұйымдастыруға болады. Бұл үлкен тәрбиелік жұмыс, сондай-ақ құстарды мектеп ауласына шақыру, олардың тіршілігін бақылауға қиындық тудырмайды. Үлкен жауапкершілік, табиғатқа деген сүйіспеншілік, эстетикалық тәрбие қалыптасады. Мектеп маңын-дағы бұл алаң көктемде және күзде экскурсия ұйымдастыруға таптырмас табиғи орын болып табылады.

2. Көрнекіліктерді кешенді түрде пайдалану мүмкіндіктері. Дүниетануды оқыту процесін жоғары деңгейде жүргізу үшін материалдық база маңыздылығы жоғары.

1.Иллюстративті көрнекіліктер

Бұл көрнекіліктер түрін екі негізгі топқа топтастыруға болады: көлемді және жазықты. Бірінші түріне -модельдер және  муляждар, екінші түріне –түрлі көлемді суреттер, кестелер, схемалар, көркем суреттер карталар. Бұл көрнекіліктерді қолдану танысқалы отырған заттың өзін тікелей көру мүмкін болмаған жағдайда, олардың бейнесін көрсету түрінде пайдаланылады.

2.Техникалық оқу құралдары

Әдістердің бұл тобына оқытудың әр түрлі техникалық құралдарын пайдалану (магнитофондағы жазбалар, құстардың дауысы), радиохабарлар, экрандық - дыбыс құралдары, телехабарлар, компъютерлік бағдарламалар жатады.

Қазіргі жағдайда компъютер сияқты техникалық құралдарды пайдалануға басты назар аударылуда. Олар оқушыларға бұрын оқулық мәтінінен игерген көптеген мәліметтерді сапалы игеруге мүмкіндік береді. Себебі, табиғи құбылыстарды толық және нақты қабылдау үшін олардың тура табиғи бейнесін көрсете алу керек. Ол үшін диафильмдер және диапозитивтер, кинофильм және кинофрагменттер, кодоскопқа арналған транспаранттар, видеофильмдер, кинокартиналар даярланады. Бұларды көрсету үшін техникалық жабдықтар кажет; слайдпроектор, кодоскоп, видеомагнитофон, теледидар, киноаппарат. Бұл құралдар арқылы тіршілік, табиғат құбылыстары туралы табиғи түрде нақты көріністер көрсетіле алады. Сабақ арасында мазмұнына сәйкес кірістірілген ертегі не болмаса әңгіме техникалық құралдар арқылы жалғасып жатса өте ұтымды болады. Кез келген табиғат көрінісін, зат бейнесін, түрлі құбылысты бейнелеуге, суреттеуге  тақта, түрлі түсті бор көмегі де артық етпейді. Табиғаттың тірі денелерінің және құбылыстардың дыбысын таспадағы үндері арқылы естіргеннің нәтижесі әрине жоғары. Сондықтан қазіргі сабақ үрдісіндегі талап: техникалық құралдармен сабақ өтуді жетілдіру. Интерактивті тақтамен жұмыс істеу бүгінгі күн талабы.

 

Бақылау сұрақтары:

1. Тәжірибе алаңының (үлеске) құрылымы қандай және қалай ұйымдастырылады?

2. Тәжірибе алаңында орындалатын жұмыс түрлері?

3. Тәжірибе алаңының бала дамуына, табиғатты танып білуде әсері қандай?

4. Бейнелі көрнекіліктер түрлері қалай жіктеледі?

5. Табиғи көрнекілікке не жатады?

6. Техникалық құралдардың түрлері қалай жіктеледі?

7. Көрнекліктерді кешенді пайдаланудың тиімділігі қандай?

Қажетті әдебиеттер:

1. Аймағамбетова Қ. Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы: Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.

2. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.

3.Аймағанбетова Қ., З.Ф.Олейник. Дүниетануға арналған үлестірмелі материалдар. –Алматы: Атамұра, 1999.-107б.

4. Сабыров Т. Болашақ мұғалімдердің дидактикалық дайындығын жетілдіру. –Алматы: Кітап, 1999.-96б.

5. Папорков М.А. Учебно-опытная работа на пришкольном участке. Пособие для учителя М., Просвещенне, 1980.